ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ V ШІ ОТЫРЫСЫ
Қызылордадағы Құрылтайдың жаңалығы көп! Президент - Қазақстанның саяси жүйесін, мемлекеттік сананы және ұлттық дамудың стратегиялық бағдарын жаңа деңгейге көтеретін бастамаларды ортаға салды. Бұл жалпы Ұлттық Құрылтай отырыстарының қорытынды жиыны ретінде де қарастырылуда...
Гүлбану СЕЙТЖАНОВА, «Қоғамдық келісім» КММ директоры
-Алаштың анасы Сыр елінде өткен Ұлттық Құрылтай бес жылда өзінің тарихи миссиясын жүйелі атқарып, қазақ елінің руханиятына ғана емес, экономикасының өркендеуіне де көп үлесін қосты. 2022 жылы ұлт бесігі Ұлытаудан бастау алған ұлы мұрат жолы 2023 жылы Түркістанда, 2024 жылы Атырауда, өткен 2025 жылы Бурабайда жалғасқанын жақсы білесіздер. Әр Құрылтайдың көтерген мәселесі бір-бірімен сабақтаса отырып, жүйелі түрде шешімін тауып отырды.
Мемлекет басшысының: «Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек. Мен «Тәуелсіздік дегеніміз — ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін, – деген тебіреніске толы сөзі ерекше әсер қалдырды.
Құрылтайда мән берілген мәселелердің бірі: Бір палаталы парламент құру жүйесі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы жаңа Парламентті - Құрылтай деп атауды ұсынды. Сонымен қатар, Президент ұсынған Қазақстанның Халық Кеңесін құру туралы бастама да айрықша маңызға ие.
Гүлбану СЕЙТЖАНОВА, «Қоғамдық келісім» КММ директоры
-Осы тұста көтерілген маңызды мәселе – 30 жылдық даму тарихы бар Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың өзара үйлесімді ықпалдасуы нәтижесінде 126 өкілден тұратын Халық кеңесін құру бастамасы ұсынылды. Кеңес құрамына этностық топтардың өкілдерімен қатар, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті мәслихаттардың өкілдері де енгізілмек. Бұл өз кезегінде оның міндеттері мен функцияларын нақтылап, қоғамдық келісім мен азаматтық бірлікті нығайтуға қызмет ететін жаңа кеңесші-ұсынымдық тетікті қалыптастырады деп ойлаймыз.
Кейінгі төрт жылда Ұлттық құрылтайда көтерілген ұсыныстар негізінде 26 заң жобасы қабылданған. Алдағы уақытта бұл саладағы жұмыстар - Халық Кеңесі аясында белсенді жалғасын таппақ.
Мұқағали Сейтқазы, Думан Оразов, «ҰЛЫТАУ»