ӨҢІРДЕ АНГИОГРАФИЯ ӘДІСІМЕН КҮРДЕЛІ ОПЕРАЦИЯЛАР ЖАСАЛУДА
Ангиография - аз инвазивті диагностикалық әдіс. Процедура кезінде тамырға жіңішке түтікше енгізіліп, арнайы контрастты зат жіберіледі. Осы арқылы дәрігерлер қан тамырларының нақты уақыттағы толық бейнесін көріп, зерттей алады. Бұл әдіс инсульт, аневризма және басқа қауіпті ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Бүгін 73 жастағы қала тұрғыны селективті церебралды ангиографиядан өтті. Дәрігерлердің айтуынша, зерттеу бас миының қан тамырларындағы проблемаларды дәл анықтап, әрі қарайғы емдеу жолын белгілеуге көмектеседі. Барлық операциялар арнайы дайындықтан өткен мамандардың қатысуымен жүргізіледі.
Ангиографиялық жабдық орнатылғаннан бері облыстық ауруханада 57 адамға ота жасалған. Солардың бірі - Жезқазған қаласының 63 жастағы тұрғыны Жүсіп Омаров. Науқастар сапалы, заманауи медициналық көмекті өз қаласында алу мүмкіндігіне ризашылықтарын білдіруде.
Айта кетейік, ангиографиялық құрылғының көмегімен кейбір емдік шараларды ашық ота жасамай-ақ жүргізуге болады. Бұл науқастардың тезірек оңалуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта ауруханада жоғары технологиялы операциялар саны артып, мамандандырылған көмек алатын тұрғындар қатары ұлғая түспек.
АЙДАНА БАЗАРБАЙҚЫЗЫ, АЙДОС ӨМІРБЕКҰЛЫ «ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ