2023 жылдың сәуірінде ғана құрылған қайырымдылық қоры 10 айдан астам уақытта бірнеше сауапты да жауапты істердің басы қасынан табыла білген... Алғашында көмекке зәру жандарға тегін дәрі-дәрмек, азық-түлік себетін үлестеруден басталған жұмыстар - мұқтаж отбасыларға үй сатып алып беру сынды игілікті істермен жалғасын тапқан. Аталған қордың ауқымды жобаларына жергілікті билік өз үлестерін қоспақ ниетте...
Ұлантай Үсенов, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары
(Біз өз тарапымыздан қолдауға дайынбыз. Қорды құрған жігіттер өткенде облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының қабылдауына келді. Осы ұйымшылдықтарың ажырамасын. Істерің оңынан болсын!)
Алып кәсіпорындағы ақ жүрек азаматтардың бастамасына «Қазақмыс корпорациясының» Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев қолдау білдіріп, өз өтініштері бойынша еңбеккерлер жалақысынан қор есепшотына қаражат аударылып тұруына мүмкіндік жасаған. Бүгінгі таңда компанияның 1700 жұмыскері «Ұлытау» қайырымдылық қорының тұрақты қатысушылыры болып табылады.
Жасұлан Байнияз, ««Жезқазғантүстімет» ӨБ Бас директоры
(Өндіріс басшылары қолдау білдіруде. Бұл азаматтар сенім үдесінен шыға білді.)
Өндіріс өкілдерінің– қоғамдағы сөзбен емес, іспен жасап жатқан белсенділіктері кешке жиналғандарға жігер берді. Қорды құрған азаматтар да халықтың ілтипатына дән ризамыз дейді
Ерлан Еришев, «Ұлытау» қайырымдылық қорының төрағасы
(Елімізде мұқтаж отбасылардың азаймай тұрғандығы бәрімізді алаңдатады. Сондықтан осындай жанұяларға сәл де болсын жәрдем беру азаматтық парымыз деп білеміз. Әрине, бәрін қамту мүмкін емес. Дегенмен қолымыздан келгенше көмектер жасайтын боламыз.)
Қайырымды жандар алдағы рамазан айында біршама ілкімді шаралар жоспарлауда. Қоғамның әлеуметтік осал тобына арналған жандарға бір мезгіл тегін дәм тату орнын ашпақ та ниеттері бар.
Мұқағали Сейтқазы, Мейіржан Мейрамұлы, «Ұлытау» телеарнасы