Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Салтанатты шара Ауғанстаннан оралған жауынгер және сол қанды соғыстың салдары туралы шағын қойылыммен басталды. Ең алдымен Ұлытау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Ерен Мейрембеков сөз алып, майдангер жерлестеріміздің ерлік пен өрлікке толы жылдарына тоқталып өтті.
Сұрапыл соғыс алаңына өңірден 490 жауынгер шақырылған. Оның 117-сі қазір облыс орталығында тұрады. Олардың ерлігі ұрпағына үлгі,жастарға өнеге.
Шара интернационалист-жауынгерлерді марапаттау рәсімімен жалғасты. Бірқатар ардагерлер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің және «Астана» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысының Құрмет грамоталарымен, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының алғыс хаттарымен, «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Сондай-ақ «Еңбек озаты» төсбелгілері 9 ардагерге және «Кәсіподақтың құрметті қайраткері» төсбелгісі 10 ардагерге табысталды.
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ,СЕРГЕЙ МАЙКОВИЧ «ҰЛЫТАУ»ТЕЛЕАРНАСЫ