Кезекті аппарат жиналысы өңірдегі кадрлық өзгерісті таныстырудан басталды. Ұлытау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымына Ақжол Құрмансейітов тағайындалды. Ол, 1990 жылы Ұлытау ауданында дүниеге келген. Бұған дейін Қаражал қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болған Ақжол Құрмансейітов әкім аппаратында әлеуметтік мәселелерге жауапты болады.
Күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ негізінде Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жеңісбек Ахметов жан-жақты баяндама жасады. Аталған департаментке өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына қатысты барлығы 253 өтініш келіп түскен.
Облыс әкімі аталған бағыттағы жұмыстарды әрі қарай да жалғастыра беруді тапсырды. Сонымен қатар «Сапалы өнім» қоғамдық қозғалысының тұжырымдамасы да назардан тыс қалмады. Сауда орталықтарындағы әлеуметтік бұрыштар бойынша да бірнеше міндеттемелер жүктелді.
Облыстық экономика басқармасының басшысы Виктория Ставицкая өңірдің қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Нәтижесінде құрылыстан басқа барлық салада өсім динамикасы сақталған. Берік Әбдіғалиұлы басқармаларға бөлінген қаржылар қайта қаралатындығын айтты..
Аппарат жиынында айтылған мәселелердің ешқайсысы ескерусіз қалмайды. Облыс әкімі халықпен қашан да байланысты болу керектігін айтты.
Мұқағали Сейтқазы, Мейіржан Мейрамұлы, «Ұлытау» телеарнасы