Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. Кабул мен Кандагардағы қанды қақтығыстарға қатысқан біздің қалада 86 майдангер бар. Кітапханадағы шараға оқ пен оттың ортасынан аман оралған Берік Құлахметов, Нұрлан Қасымов, Бақытжан Кенжеахметов сынды ауған ардагерлері арнайы шақырылған. Олар жүздесуге жиналғандарға өткен күннің естеліктерімен бөлісіп, бейбіт күннің бағасы жөнінде ой пікірлерін ортаға салды...
Берік Құлахметов, Ауған соғысының ардагері
Менің әкем де соғыс ардагері. Екінші дүниежүзілік соғыста Ленинградтағы шайқасқа қатысқан. Біз солардың әңгімелерін естіп өскен ұрпақпыз.
Ілкімді шараға кітапхана оқырмандары мен бірге мектеп оқушылары мен колледж студенттері де қатысты. Жасөспірімдер – батыр ағаларына сауалдарын қойды. Кітапхана басшылығы ардагерлерге алғыстарын айтып, сый құрмет көрсетті.
Жанар Төкенова, Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасының «Кітапханаларды дамыту ісі және әдістемелік жұмыс бөлімінің» басшысы
Келгендеріңізге көп рақмет! Осында жиналып отырған жастар мен жасөспірімдер бүгінгі кештен үлкен патриоттық рух алды деген сенімдеміз!
Он жылға жуық уақытқа созылған соғысқа 22269 қазақстандық жауынгер жұмылдырылған. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапса, 21 сарбаз хабар-ошарсыз кеткен, мыңдаған азаматтар елге мүгедек болып оралды. Ешкім де, ештеңе де ұмтылмайды.
Мұқағали Сейтқазы, ДУман Оразов, «Ұлытау» телеарнасы