Жалпы Ұлытау облысы бойынша 14–35 жас аралығындағы жастар саны өңір тұрғындарының 27,4%-ын құрайды. Аудан, қалаларда жастар категориясымен тікелей жұмыс істейтін 5 жастар ресурстық орталықтары бар. Биылғы жылы оларды қаржыландыру көлемі 300 млн теңгеден асқан. Жастарды жұмыспен қамту және жастар кәсіпкерлігі басты назарда...
Ұлытау облысын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес жастарға арналған «Ulytau Zhastary» жеңілдетілген несие беру тұрғын үй бағдарламасы да жүзеге асырылуда. 2023 жылы аталған бағдарлама бойынша 45 жас отбасы баспаналы болса, 2024 жылы 50 жас отбасыны қамту жоспарланып отыр. Аймақ басшысы бұл бағдарламаның тиімді тұсын кеңінен насихаттауды тапсырды.
Ал, күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ұлытау облысы бойынша департамент басшысы Кеңгірбай Есенеев баяндады. Департамент 2024 жылы 28 тексеру жұмыстарын жүргізген. Тексеру барысында 2512 қауіпті өндірістік объектілер мен техникалық құрылғылар зерттеліп, 1293 бұзушылық анықталған. Берік Әбдіғалиұлы бұл бағыттағы шараларды қатаңдатуды міндеттеді.
Мұқағали Сейтқазы, Айдос Өмірбекұлы, «Ұлытау»