ҰЛЫТАУЛЫҚ ҮШ СТУДЕНТ «ҮЗДІК 100 СТУДЕНТ» ҚАТАРЫНДА
Ulytautv 05-июн, 16:39 0 ЖАҢАЛЫҚТАР / ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ
Ауқымды білім додасына 2000-нан астам студент қатысып, ең үздік 100 студент республикалық финалға өткен. Өңірімізден 3 бірдей студент жеңімпаздар қатарынан табылып, облысымыздың абыройын асқақтатты. Жезқазған бизнес және көлік колледжінің 4-курс студенті Нұрболған Мерхан – бүгінде Қазақстан бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ішінен озық шыққан жастардың бірі. Ол бірнеше жыл қатарынан «Электромонтаждық жұмыстар» құзіреттілігі бойынша WorldSkills чемпионаттарының облыстық, аймақтық және республикалық кезеңдерінде жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болған. Бұл байқауға қатысып, жеңіске жеткені үшін оған 1млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалды және колледждің әлеуметтік серіктесі- «Ютария LTD» ЖШС-нен электромеханика қызметіне қабылдайтыны жөнінде сертификат табысталды.
Нұрболған МЕРХАН «Үздік 100 студент» байқауының жеңімпазы
Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжінің «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша 4-курс студенті Еркеназ Алтау да байқау жеңімпазы атанды. Ол өзінің білімдегі, спорттағы және қоғамдық белсенділігімен өз дарынын жоғары деңгейде дәлелдеді. Жетістіктерінің барлығы колледж ұстаздары мен ата-анасының қолдауы мен сенімдерінің арқасы екенін ерекше атап өтті. Болашақта өз мамандығын жалғастырып, салауатты ұрпақ тәрбиелеуге атсалысқысы келеді.
Еркеназ АЛТАУ «Үздік 100 студент» байқауының жеңімпазы
Сонымен қатар, «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша 4-курста білім алып жатқан Ақдидар Бейсен де кәсіби дайындығымен көзге түсіп, үздік студенттер қатарынан көрінді. Ол – жастар арасындағы көшбасшы, колледждегі «Жігер» студенттік Парламентінің президенті және Жезқазған қалалық «Жастар рухы» жастар қанаты бөлімшесінің төрағасы. Қоғамдық істерде белсенділік танытып, жас буынның дамуына үлес қосып жүрген студент.
Ақдидар БЕЙСЕН «Үздік 100 студент» байқауының жеңімпазы
Бұл жеңіс- ұстаз бен шәкірт арасындағы еңбек пен өзара сенімнің, ізденістің нәтижесі. Ұлытау облысының мақтаныштарын жеңістерімен шын жүректен құттықтап, кәсіби жолында табыс тілейміз.
АЛМА СӘЛІМЖАНҚЫЗЫ, ДУМАН ОРАЗОВ
«ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ