Жаңалықтар

ЕҢБЕК ЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ЕҢБЕК ЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Өңір жұртшылығы Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы, «Қазақстанның Еңбек Ері» құрметті атағын иеленген Әбдірашит Доспановты айрықша қошеметпен қарсы алды. Тұтас Ғұмырын металлургия саласына арнаған майталманды құттықтауға жергілікті билік өкілдері мен әріптестері, Еңбек ерінің туған-туыстары мен достары жиналды.

Әбдірашит Доспановтың металлургия саласындағы еңбек жолы қырық жылдан асады. Ол 1985 жылдың ақпанында әскери борышын өтеп келген соң зауыт табалдырығын аттады. Еңбек жолын үшінші разрядты маман ретінде бастап, кәсіби біліктілігін алтыншы разрядқа дейін жетілдірген. Әке жолын қуған ол Койшыбек Доспановтың металлургтер әулетіндегі дәстүрін жалғастырып, бүгінгі таңда тәжірибесін жас мамандарға үйретіп келеді.

Зауыт ұжымының мақтанышына айналған металлургті жақындары мен әріптестері ыстық ықыласпен құттықтады. Мысты өлкенің тарихы өндіріс тағдырымен астасып жатқан Жезқазған үшін бұл марапаттың орны бөлек. Әбдірашит Доспановтың еңбегіне берілген жоғары баға - тұтас металлургтер қауымының табанды жұмысына көрсетілген құрмет.

Құттықтау рәсімі қалалық әкімдікте жалғасты. Басқосуға қала әкімі Мұрат Бөрібаев, металлургия саласының ардагерлері мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Әкім Әбдірашит Доспановты мемлекеттік деңгейдегі марапатымен құттықтап, оның өңір өнеркәсібінің дамуына қосқан үлегін атап өтті.

Сала ардагерлері де әріптестерінің жетістігін зор мақтанышпен атап өтті. Олардың сөзінше, Әбдірашит Доспановтың еңбек жолы - кәсіпке адалдық пен кәсіби сабақтастықтың өнегесі.

Әбдірашит Доспановтың жоғары мемлекеттік марапатқа ие болуы - металлургия саласындағы табанды еңбектің жемісі, өндірісті өлкедегі еңбек адамдарының еленген еңбегінің айшықты көрінісі.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты