СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНДАҒЫ САЛТАНАТТЫ ЖИЫН

Республика күніне арналған Сәтбаев қаласындағы салтанатты жиын... Кеншілер шаһарының тұрғындары да ұлттық мерекені атап өтіп, айтулы күнге орай ұйымдастырылған салтанатты жиында бас қосты.
Республика күні – елдіктің еңсесін көтеріп, тәуелсіздіктің қадірін ұғындыратын маңызды мереке. Бұл күн – ортақ құндылықтарды дәріптеп, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалайтын сәт. Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен салтанатты жиынға Сәтбаев қаласының әкімі Кеңгірбай Смағұлов, қаланың құрметті азаматтары мен тұрғындары қатысты.
Мерекелік жиында бірқатар азаматқа құрмет көрсетілді. Ең алдымен, ұрпақ тәрбиелеп, ел болашағына үлес қосып отырған көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды. Бұл – аналар еңбегіне көрсетілген құрмет пен отбасылық құндылықтарға берілген бағаның белгісі.
Салтанатты шарада сайлау жүйесін дамытуға үлес қосқан азаматтар да назардан тыс қалмады. Сәтбаев қалалық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Нина Геймбух «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Одан кейін қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген азаматтарға Сәтбаев қаласы әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Марапат иелерінің қатарында төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген мамандар да бар.
Еңбегі еленген азаматтарды марапаттау рәсімі мерекенің мазмұнын аша түсті. Сәтбаевтағы салтанатты жиын көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік концертпен түйінделді. Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, жиналған қауымға мерекелік әсер сыйлады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


