Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ

МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ

Республика күнінде - Ұлытау ауданында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасына сәйкес - Әулиетаудың етегінде ашылған Рәміздер алаңнындағы дәстүрлі шараға қатысып, дәл сол күні жаңа пәтердің кілттеріне ие болған тұрғындардың қуанышын бөлісіп қайтқан тілшіміз толығырақ тарқатады...

Рәміздер алаңына жиналған жүздеген тұрғын ұлттық мерекені – Ұлытаудың биігінде қарсы алды. Салтанатты шараға облыс әкімі Есет Байкен, еңбек ардагерлері, әскери қызметшілер мен жалында жастар қатысты. Рәсім барысында көк Туымыз көкке көтерілді. Аға буын өкілдері – Республика күнінің маңыздылығын айтып, бір-бірін ұлық мерекемен құттықтады.

Рәміздер алаңы бүгінде - Ұлытаудағы тарихи айшықты алаң! Кейінгі жылдары алаң аумағы түгелдей абаттандырылып, тұрғындардың таудың таза ауасымен тыныстайтын сүйікті орнына айналған. Тағылымды шара қатысушылары – мерекенің мән-мағынасына кеңінен тоқталды.

Айта кетейік, Ұлытау облысында Республика күніне орай 70-тен астам мәдени-көпшілік, патриоттық және қоғамдық іс-шара ұйымдастырылды.

Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі аудан орталығында жаңа баспананың кілттері берілген игілікті шарамен жалғасын тапты. Түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жандарға пәтер кілттерін облыс әкімі Есет Байкен табыстады.

Жаңа қоныстар – Тәуелсіздік көшесінде бой көтерген. Баспаналы болғандар қатарында аудандық аурухананың терапевт дәрігері Жасур Абжаппаров та бар. Еңбек жолын Ұлытаудан бастап жатқан жас маман ауданға отбасымен бірге көшіп келген.

Сондай-ақ Қызылорда облысынан қоныс аудару бағдарламасы аясында көшіп келген көпбалалы отбасылар да баспаналы болды. Жалпы, 2026 жылы аталған бағдарлама аясында Ұлытау ауданына 10 отбасы қоныс аударған.

Аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету аясындағы жұмыстар әрі қарай да жалғаса бермек.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты