ТАЗА АУЛА – ОРТАҚ МІНДЕТ!

Жезқазғанда қаланы санитарлық тазарту аясындағы күзгі айлық аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Бұл жолы тазалық жұмыстары көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында жүргізілді. Игі бастамаға қала тұрғындарымен қатар еріктілер де атсалысты.
Сенбілікке 100-ден астам адам жұмылдырылды. Қатысушылар тұрғын үйлердің айналасын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жапырақтарды жинады. Сондай-ақ көпшілік пайдаланатын аумақтарды ретке келтірді. Мұндай шаралар қала келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Қала тазалығына үлес қосуға ерікті жастар да белсенді қатысты. Сенбілік барысында арнайы 5 бірлік техника жұмылдырылып, аумақтардан 50 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Жиналған қоқыс қалдықтары арнайы полигонға жеткізілді. Еріктілердің сөзінше, қоршаған ортаны таза ұстау бір күндік науқанмен шектелмеуі тиіс.
Қаланы санитарлық тазартуға арналған күзгі айлық аяқталуға жақын. Дегенмен Жезқазғанды абаттандыру және тазалықты сақтау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Мамандар шаһардың көркеюі мен қоршаған ортаның тазалығы әр тұрғынның жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


