109 БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫНА ЖАРТЫ ЖЫЛДА 26 МЫҢНАН АСТАМ ӨТІНІШ ТҮСКЕН

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде 109 бірыңғай байланыс орталығының биылғы жартыжылдықтағы жұмысы қорытындыланды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында 2022 жылы іске қосылған қызмет бүгінде тәулік бойы тұрғындардың өтінішін қабылдап, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты қамтамасыз етіп келеді. Алты айдың ішінде орталыққа 26 мың 935 өтініш тіркелген.
Жартыжылдық қорытындысы көрсеткендей, тұрғындар ең көп көтерген мәселе - электрмен жабдықтау. Бұл бағыт бойынша 12 мыңнан астам өтініш қабылданған. Одан кейін сумен жабдықтау, ақпараттық анықтама, көшелерді жарықтандыру және денсаулық сақтау саласына қатысты сауалдар тіркелген. Ал былтырмен салыстырғанда жылумен қамту, кәріз жүйесі, қоқыс шығару және жасыл желектерге қатысты өтініштер саны төмендеген. Мамандар мұны жүргізілген жұмыстардың нәтижесі ретінде бағалап отыр.
Сараптама нәтижесінде оң өзгеріс абаттандыру бағытында да байқалған. Әсіресе көгалдандыру мен жасыл аймақтарды күтіп-ұстауға қатысты тұрғындардың шағымы едәуір азайған.
Бүгінде 109 бірыңғай байланыс орталығы 140-тан астам орындаушы ұйыммен өзара жұмыс істейді. Әрбір өтініш электронды жүйеде тіркеліп, оның орындалу мерзімі бақылауға алынады. Тұрғындардың басым бөлігі әлі де 109 қысқа нөмірі арқылы хабарласады. Ал WhatsApp арқылы келіп түсетін өтініштердің үлесі артып келеді. Себебі бұл платформада фото және бейнематериалды бірден жолдап, мәселені нақты көрсетуге мүмкіндік бар.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


