ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Жезқазған қаласының әкімдігінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Шарада халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуге үлес қосып жүрген сала мамандарына құрмет көрсетілді.
Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні қазан айының соңғы жексенбісіне белгіленген. 2011 жылы ресми бекітілген кәсіби мереке – жауапкершілік пен жанашырлықты қатар талап ететін мамандық иелерінің еңбегін бағалаудың бір көрінісі. Салтанатты жиында Жезқазған қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев сала қызметкерлерін құттықтап, олардың қоғамдағы маңызды рөліне тоқталды.
Мерекелік шара барысында кәсіби міндетін адал атқарып, әлеуметтік саланың дамуына үлес қосқан мамандар алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Солардың бірі – саладағы еңбек өтілі 15 жылды құрайтын Қалампыр Әлімова. Ол әлеуметтік қызметтің басты құндылығы адамға деген мейірім мен жанашырлық екенін айтады.
Әлеуметтік сала мамандары күн сайын түрлі өмірлік қиындықтарға тап болған азаматтарға қолдау көрсетіп келеді. Олардың еңбегі тек қызметтік міндетпен шектелмейді. Әрбір көрсетілген көмек пен жылы сөздің артында адам тағдыры тұр. Мерекелік жиында осы жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген мамандардың еңбегі тағы бір мәрте еленді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


