«109» БІРЫҢҒАЙ БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫНА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 20 МЫҢҒА ЖУЫҚ ҚОҢЫРАУ ТҮСКЕН

Өңірде тұрғындар мен мемлекеттік мекемелер арасындағы байланысты қамтамасыз ететін «109» бірыңғай байланыс орталығы үздіксіз жұмысын жалғастырып келеді. 2022 жылы іске қосылған қызмет түрі - бүгінде тәулік бойы халықтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, әлеуметтік қолдау және құқықтық тәртіпке қатысты өтініштерін қабылдауда. Орталық ашылғалы бері мұнда 139 мыңнан астам өтініш түскен. Аталған орталықтың 2026 жылдың бес айындағы жұмыс қорытындысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері «109» қызметінің операторлары 20 мыңға жуық қоңырау қабылдаған. Ал, өткен жылы 51 мыңнан астам өтінішке жауап беріліп, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 5 пайызға артқан. Орталыққа түскен әрбір өтініш арнайы жүйеде тіркеліп, жауапты мемлекеттік органға немесе коммуналдық мекемеге жолданады. Өтініш толық орындалғанға дейін бақылауда болады.
Бүгінде тұрғындар тарапынан ең көп көтерілетін мәселе - коммуналдық салаға қатысты. Сонымен қатар байланыс орталығына кеңес алу және денсаулық сақтау мәселелері бойынша да жиі жүгінеді.Қазіргі таңда жүйе өтініштерді орындаушылар арасында автоматты түрде бөліп, олардың орындалу мерзімін бақылауға және сараптамалық есептер әзірлеуге мүмкіндік береді.
«109» байланыс орталығының іске қосылуы тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты күшейтіп, өңірдегі қордаланған мәселелердің жедел әрі тиімді шешілуіне ықпал етуде.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


