«АБАЙ ОҚУЛАРЫ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Қаламыздағы №8 гимназияда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық байқау өтті. Тағылымды шараға өңірдің әр мектебінен келген дарынды оқушылар қатысып, байқау талаптары бойынша өз өнерлерін ортаға салды.
Шығармашылық байқау төрт негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар «Абай мұрасы - рухани жаңғырудың өзегі» тақырыбында эссе жазып, «Өлең сөздің патшасы - сөз сарасы» бөлімінде ақынның өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар «Көңілім әнді ұғады» бөлімінде Абай әндерін орындаса, «Абай әлемі» атты сурет байқауында тақырыптық жұмыстарын ұсынды.Осылайша оқушылар ұлы ойшылдың философиялық ой-толғамдарын өз шығармашылық жұмыстарында көркем жеткізе білді.
Байқауға өңірдегі 20 мектептен келген оқушылар қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты - жастар арасында Абайдың рухани мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық мәдениет пен әдебиетке деген қызығушылықты арттыру. Қазылар алқасы қатысушылардың орындау шеберлігімен қатар, шығармалардың мазмұнын терең түсіну деңгейіне де ерекше назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып, жас ұрпақтың ұлттық рух пен әдеби мұраға деген қызығушылығын арттыруды басты мақсат етіп отыр.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


