Жаңалықтар

АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ

АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ

Жезқазғанда Ұлттық аграрлық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Кәкімжан Сархановтың 75 жас мерейтойына арналған «Орталық Қазақстанда мал шаруашылығы тиімділігін арттырудың нарықтық-инновациялық негіздемелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды жиынға еліміздің әр түкпірінен келген академиктер, ғылым докторлары мен кандидаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының өкілдері мен сала ардагерлері қатысты. Конференция барысында аграрлық ғылымның бүгінгі ахуалы, мал шаруашылығын дамытудағы өзекті мәселелер мен саланың болашақ бағыттары кеңінен талқыланды.

Конференция жұмысы арнайы ұйымдастырылған көрмеден басталды. Онда Кәкімжан Сархановтың ғылыми еңбектері, монографиялары, зерттеу материалдары мен аграрлық саланы дамытуға бағытталған жобалары көпшілік назарына ұсынылды. Жиында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесінің ел экономикасы мен аграрлық ғылымды дамытудағы еңбегіне тоқталды. Аймақ басшысы бүгінде өңірде ауыл шаруашылығын қолдауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

Биыл агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 4,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат 800-ге жуық шаруа қожалығына нақты қолдау көрсетіп, олардың техникалық базасын жаңартуға, заманауи технологияларды енгізуге және өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік беруде. Мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласына тартылатын инвестиция көлемі де жыл сайын артып келеді. Конференция аясында мерейтой иесінің өмірі мен еңбек жолына арналған арнайы бейнебаян көрсетілді. Онда Кәкімжан Сархановтың ғылыми ізденістері мен аграрлық ғылымды дамытуға қосқан үлесі кеңінен қамтылды.

Бұдан кейін конференция ғылыми баяндамалармен жалғасты. Онда мал шаруашылығын кооперациялау, қуаңшылық аймақтарда мал азығы қорын қалыптастыру, көшпелі мал шаруашылығы тәжірибесін заманауи ғылыммен ұштастыру, сондай-ақ қой шаруашылығын дамыту мәселелері жан-жақты сөз болды. Ғалымдар мен сала мамандары аграрлық секторды дамытуда ғылым мен тәжірибені ұштастырудың маңызын ерекше атап өтті.

Конференция Қатысушылары мұндай ғылыми-тәжірибелік кездесулер Ұлытауда аграрлық ғылымның дамуына серпін беріп, өзге өңірдегі ауылшаруашылығы мамандарымен терең тәжірибе алмасуға жол ашатындығын айтты.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты