АГРОСАЛАНЫ ӨРКЕНДЕТУГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

Ауылшруашылығын дамыту-ортақ міндет. Бүгінде салаға енгізіліп жатқан жаңашылдықтарды дер кезінде игеру маңызды. Сонымен қатар, шаруалардың білімін үнемі жетілдіріп отыру қажет. Мұның барлығы семинар барысында талқыланды. Оған Жаңаарқа ауданының шаруа қожалық иелері қатысып, өздеріне қажетті ақпарат алды. Ақтүбек ауылында өткен семинарды Ұлытау облысының кәсіпкерлер палатасы «Кәсіпке бағыт» бағдарламасы аясында ұйымдастырды.
Жаңаарқа ауданы Ақтүбек ауылына қарасты «Мирас» шаруа қожалығы етті мал өсіру бағытында 2015 жылы құрылған. Қазіргі таңда шаруашылық екі бағытта жұмыс істейді. Асыл тұқымды «Герефорд» ірі қарасын өсірумен және мал азығына арналған көпжылдық шөп дайындаумен айналысады. Семинарды қожалықтың негізін қалаушы Төлеген Жаманов жүргізді. Алдымен ол саладағы негізгі мәселелерге тоқталды. Жалпы, Жаңаарқаның жері жылқы, сиыр, қойды өсіруге қолайлы болғанымен, бүгінгі экологиялық ахуал мен табиғаттағы өзгерістерге байланысты мал азығын дайындау мәселесі өзекті болып отыр, дейді ол. Сондықтан, жерді тиімді игеру ісі жолға қойылғанын жеткізді.
Төлеген Жаманов алдымен: «Малды игереміз десек, жерді тиімді игеру қажет», – дейді. Сонда ғана ауыл шаруашылығы өркендей түседі. Іс-шара барысында фермерлерге мемлекеттік қолдау тетіктері де таныстырылды.
Семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мұндай семинарлар алдағы уақытта да өңір шаруашылықтарында жалғасады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


