Жаңалықтар

АЙБАТ АМАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН БОКС ТУРНИРІ

АЙБАТ АМАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН БОКС ТУРНИРІ

Жезқазғанда Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі Айбат Амановты еске алуға арналған І Республикалық бокс турнирі өтуде. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған жарыста еліміздің әр өңірінен келген былғары қолғап шеберлері шаршы алаңдағы шын мықтыны анықтауда.

Айбат Аманов - бүгінгі таңда спорт қауымдастығында зор құрметпен аталатын есім. Ол Талдықорған қаласында әскери борышын атқару барысында қаза тауып, соңғы деміне дейін Отан алдындағы антына адал болған арда азамат. Ерлігі мен жанқиярлығы үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Айбат Аманов - бокс спортымен белсенді шұғылданып, республикалық деңгейдегі додаларда өңір намысын абыроймен қорғаған.

Аталған турнирге еліміздің 9 өңірінен келген 100-ге жуық былғары қолғап шебері қатысуда. Спортшылар 15 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде. Бұл дода қатысушылар үшін тек жүлде үшін күрес қана емес, сонымен қатар спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындауға берілген маңызды мүмкіндік.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Айбат Амановты еске алуға арналған бұл турнир алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, болашақта халықаралық деңгейге шығу жоспарланып отыр. Айта кетейік, турнирдің ақтық айқастары мен салтанатты жабылу рәсімі ертеңге жоспарланған.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты