АЙБАТ АМАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

«Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметкері, III дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Айбат Амановты еске алуға арналған ерлер мен әйелдер арасындағы І ші республикалық бокс турнирі мәреге жетті.
Айбат Аманов - Жаңаарқа топырағында дүниеге келіп, жастайынан бокспен айналысып, облыстық және республикалық жарыстарда бірнеше мәрте топ жарған спортшы. Оның есімі бүгінде тек спорттағы жетістігімен ғана емес, елге адал қызмет еткен азамат ретіндегі болмысымен де құрметтеледі. Батырды еске алуға арналған ауқымды турнир 15 салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылып, қатысушылар жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Ұлытау облысының құрамасы жеңімпаз атанды. Абай облысы екінші орынға ие болса, Маңғыстау облысы үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, ұйымдастырушылар алдағы уақытта Айбат Амановты еске алуға арналған турнирді дәстүрлі түрде өткізіп, халықаралық деңгейге шығаруды жоспарлап отыр.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


