Жаңалықтар

«ӘЙЕЛ ОТБАСЫ БИЗНЕС » ФОРУМЫ

«ӘЙЕЛ ОТБАСЫ БИЗНЕС » ФОРУМЫ

Respublica партиясы өңірде «Re.Women Ulytau» форумын өткізді. «Re.Women» – бұл «Respublica» партиясы жанынан құрылған, іскер және белсенді қыз-келіншектерді біріктіретін қауымдастық. Шараға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен 500-ге жуық көшбасшы әйел қатысты. Айта кету керек, бұл форум бұған дейін еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылған. Ұлытауда өткен жиын – 19-шы форум.

Әйелдердің қоғамдағы, бизнестегі және мемлекеттік саясатттағы рөлі форумға өзек болды. Шараның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова аймақ басшысы атынан әйелдер қауымына алғыс айтып, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жатқан үлесін айрықша атап өтті.

Respublica партиясының қолдауымен өткен форум 3 тақырыптық сессияны қамтыды: бизнес, отбасы, саясат. Әр сессия әйел көшбасшылығының түрлі қырларын, кәсіпкерліктен бастап, отбасын нығайту мен ұлттық құндылықтарды сақтауға дейін ашып көрсетті. Іс-шара барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен енгізілген Құрылтай форматы жауапты мемлекеттік саясаттың негізін қалайтынын жеткізді. Сонымен қатар халық қалаулысы жыл сайын экономика мен бизнестегі белсенді әйелдердің үлесі артып келеді әрі нәзік жандылардың жауапкершілігі жоғары дейді.

Форум модераторы журналист, тележүргізуші әрі кәсіпкер Динара Сатжан болды. Ал спикерлер қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Екатерина Смолякова мен Динара Наумова, республикалық әйелдер қауымдастығы төрағасының орынбасары Айдана Тоғызбаева, сондай-ақ жергілікті әйел кәсіпкерлер сөз сөйледі.

Жалпы форум әйелдердің кәсіби дамуын қолдауға, өңірлік бастамаларды ілгерілетуге және олардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына бағытталды. «Respublica» партиясы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Светлана Оңғарбаева шараның жоғары деңгейде өтуіне көптеген азаматтар атсалысқанын айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта «Re.Women» қауымдастығының ауқымы кеңейіп, бастамаларға қолдау жалғасатынын жеткізді.

Партияның жаңа мүшелеріне партиялық билеттер де табысталды. Белсенді азаматтар марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды. Осылайша шара эстрада жұлдызы Дастан Оразбековтің ән шашуымен түйінделді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты