АЙМАҚТА ҚҰТҚАРУ БӨЛІМДЕРІ АШЫЛДЫ

Өңірде жоспарлау және жедел басқару орталығы, әмбебап құтқару бөлімі және жаңа өрт сөндіру бөлімі ресми түрде ашылды. Салтанатты шараға еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен аймақ басшысы Дастан Рыспеков қатысты.
Жәйрем кентінде жаңадан ашылған әмбебап құтқару бөлімі заманауи инфрақұрылыммен және жаңа техникамен толық жабдықталған. Мұнда арнайы автокөліктерге арналған орындар, демалыс және жаттығу аймақтары, сондай-ақ оқу сыныптары қарастырылған. Нысанның ашылу салтанатында құтқарушыларға арнайы техника мен жедел құтқару көлігінің кілттері табысталды.
«Тәуелсіздік алғалы мұнда алғаш рет әмбебап өрт сөндіру бөлімшесі ашылып отыр. Бұл – жергілікті халық үшін көптен күткен қуаныш. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Енді төтенше жағдай бола қойған жағдайда өрт сөндіруші, дәрігер мен құтқарушы дер кезінде жетіп, қажетті көмек көрсетеді. Бұл – ел қауіпсіздігін нығайту жолындағы нақты қадам.Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арқасында азаматтық қорғау саласын күшейту ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Елдің әр өңірінде, тіпті шалғай ауылдарда жаңа нысандар ашылып, материалдық техникалық база нығайып жатыр. Ұлытау облысында да бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді»
— Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі
Жаңа бөлімде өрт сөндірушілермен бірге жедел-құтқару жасағының қызметкерлері және Апаттар медицинасы орталығының мамандары да жұмыс істейтін болады.
Жобаның жалпы құны -850 млн теңгеден асып жығылады. Әмбебап құтқару бөлімінің аумағы 900 шаршы метрді құрайды. Құтқарушылар жаңа нысанның бой көтеріп, ел игілігіне берілгеніне қуанышты.
Айта кету керек, 9 мыңнан астам тұрғыны бар елдімекенде осы уақытқа дейін арнайы өрт сөндіру бөлімі мүлде болмаған. Бұл нысан Жәйрем кенті мен оған іргелес елді мекендердегі тұрғындар үшін аса маңызды.Салтанатты шара соңында бөлім аумағында ағаш отырғызылды.
Өрт сөндіру бөлімі Сәтбаев қаласында да ашылды. Жаңа бөлім заманауи талаптарға сай салынған және тиімді қызмет атқаруға қажетті барлық жағдайлармен қамтамасыз етілген. Ашылу салтанатына қатысқан ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов құтқарушыларға жасалған заманауи жағдайлар азаматтық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыратынын атап өтті. Сондай-ақ ол қызметкерлерге жедел-құтқару көліктерінің кілттері мен бөлім аумағында салынған екі қабатты тұрғын үйдің кілтін табыстады.
Бүгінде Ұлытау облысында техникалық жарақтандыру деңгейі 85 пайызға жетіп отыр. Алдағы уақытта Жаңаарқа ауданы мен Ұлытау ауылында әмбебап өрт сөндіру бөлімдерін ашу жоспарланған.Олардың жобалық-сметалық құжаттары да әзір. Сонымен қатар министр Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласында жаңғыртудан өткен жоспарлау және жедел басқару орталығының ашылу рсәіміне қатысты. Орталық заманауи байланыс құралдарымен, жедел жағдайды бақылауға және талдауға арналған цифрлық жүйелермен жабдықталған. Мұнда жедел штабтың жұмыс аймақтары, ситуациялық зал, сондай-ақ барлық жүйелердің тәулік бойы үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін техникалық бөлмелер қарастырылған. Орталық нақты уақыт режимінде жағдайды бақылап, жедел шешім қабылдауға және азаматтық қорғау қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


