«ӘКЕГЕ ҚҰРМЕТ ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ»

Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде Әкелер күніне арналған тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Тағылымды шара отбасы құндылықтарын нығайтуға, бала тәрбиесіндегі әке рөлінінің маңыздылығын дәріптеуге және аға буынға деген құрметті арттыруға бағытталды.
Шараны кітапхана қызметкерлері ұйымдастырды. Кездесу барысында әкенің жанұядағы орны мен жауапкершілігін арқау еткен бейнероликтер көрсетіліп, театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Сондай-ақ қатысушылар отбасы тәрбиесі, ұлттық құндылықтар және әке өнегесінің маңызы туралы пікір алмасты.
Іс-шараға кітапхана оқырмандары, мекеме қызметкерлері мен белсенді тұрғындар қатысты. Басқосуда қатысушылар өз өмірлерінен сыр шертіп, отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлі мен жауапкершілігі жөніндегі ойларымен бөлісті. Олардың қатарында екі баланың асқар тау әкесі, бірталай немере тәрбиелеп отырған ақылшы ата Қуандық Елеусізов те болды.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың отбасы институтын нығайтуға ықпал етіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі әкенің маңызын айқындай түсетінін атап өтті.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


