ӘКІМШІЛІК РАҚЫМШЫЛЫҚ

Еліміздежаңа Конституцияның қабылдануына байланысты, 2 шілдеден бастап рақымшылық жасау туралы заң күшіне енді. Құжат азаматтар мен кәсіпкерлердің жекелеген санаттарын орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан босатуды көздейді. Бұл жеңілдік мемлекеттік кірістер органдары қарайтын бірқатар құқық бұзушылық бойынша салынған айыппұлдарға да қатысты.
Рақымшылық жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттар мен заң кеңесшілеріне қатысты. Ол үшін айыппұл сотпен емес, уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды тұлғасымен салынуы және заң күшіне енген кезде толық орындалмаған не ішінара өтелген болуы тиіс. Бұл ретте рақымшылық салықтың негізгі берешегі мен өзге де міндетті төлемдер бойынша қарызды жоймайды.
Ал заңда рақымшылық қолданылмайтын құқық бұзушылықтар да нақты белгіленген. Олардың қатарында салық салу нысандары мен мүлікті жасыру, салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдерден жалтару және олардың сомасын төмендету бар. Сондай-ақ сот тағайындаған әкімшілік жазалар бұл жеңілдікке жатпайды. Рақымшылыққа жататын айыппұлдар бойынша арнайы өтініш берудің қажеті жоқ. Тиісті рәсімдер заңда белгіленген тәртіппен автоматты түрде жүргізіледі.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


