ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ ТҮЛІК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстау маңызды. Сол себепті де өңірімізде арнайы рейдтік шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Бұл жолы Ұлытау облысы әкімінің орынбасары, Ұлытау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет және төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері сауда нысандарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жұмыс тобы қаламыздағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізіміне енгізілген өнімдер сатылатын алты сауда орнына барды. Яғни «Нарық» және «Шаруа» базарында, сондай-ақ «Самаз», «Органик», «Самади» дүкендерінде болып, кәсіпкерлер мен сауда нысандарының әкімшілігіне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бағаны негізсіз өсірген жағдайда жауапкершілік көзделетіні айтылды.
Аймақ басшысының орынбасары Нұртас Кәріпбаев басты мақсат – кәсіпкерлерге жаза қолдану емес, керісінше оларға заң талаптарын түсіндіріп, қолдау көрсету керек дейді.
Өзге мемлекеттік органдар өкілдері де өз бағыттары бойынша қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндірді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміндегі кейбір өнімдердің тапшылығын болдырмау және жеткізу тізбегінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері айтылды.
Іс-шара барысында кейбір кәсіпкерлерде тауар бағаларын көрсететін белгілердің болмауы және ет өнімдеріне ветеринариялық сертификаттардың жоқтығы сияқты бұзушылықтар анықталды. Алайда бұл фактілер бойынша әзірге әкімшілік шаралар қолданылған жоқ, тек заң талаптарын сақтау қажеттілігі ескертілді. Жалпы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы сәуір айынан бері тұрақты сақталуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


