ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ

Өңірде әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға басымдық берілген. Жыл басынан бері департамент 9 мың 630 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның 2 мың 16-сы – мүгедектікті белгілеуге қатысты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Өңірде 11 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады. Жыл сайын медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінде шамамен 4 мың азамат бастапқы және қайта куәландырудан өтеді. Биылғы жеті айда 327 адамға алғаш рет мүгедектік белгіленіп, 1188 адам қайта куәландырылған. Ал сырттай проактивті куәландыруды 504 тұрғын пайдаланған.
Департаменттің тағы бір маңызды бағыты - зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау. Жылдың жеті айында бұл бағытта 7 мың 614 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Өңірде 30 мың 254 зейнеткер, 8 мың 161 мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушы бар.
Әлеуметтік қорғау саласындағы заң талаптарының сақталуы да тұрақты бақылауда. Биыл жеті айда 16 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілген. Үш ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1 миллион 989 мың 500 теңге айыппұл салынған. Бүгінде облыста арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 11 мекеме лицензиямен жұмыс істейді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


