АЛМАЗ АСАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР

Қаламызда – бокстан ҚР бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, әскерилер арасында Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, даңқты жерлесіміз Алмаз Асановты еске алуға арналған республикалық турнир өтуде.
Ауқымды жарыс «Ulytau» спорт кешенінде бастау алды. Дүбірлі доданың өтуіне Жезқазған қаласының әкімдігі мен Ұлытау облысы бокс федерациясы ұйытқы болды Ашылу салтанатына облысымыздың спорт бөлімінің басшылары, қоғамдық қор өкілдері мен ардагер боксшылар қатысты.
Алмаз Ыбрахымұлы Асанов өңір спортының өркендеуіне өзіндік із қалдырған тұлға. Ол спортшылар арасында тек мықты боксшы ғана емес, тәртіп пен тәрбиеге ерекше мән берген азамат ретінде есте қалды. Оның жолын жалғап келе жатқан жас буын бүгінде үлкен жетістіктерге ұмтылуда. Ашылу салтанатына қатысқан Алмаз Асановтың жұбайы турнирдің үздіксіз жалғасып келе жатқанына ризашылығын білдіріп, қатысушыларғаа сәттілік тіледі.
Додаға еліміздің 11 өңірінен жас боксшылар қатысуда. 2010–2011 жылы туған спортшылар төрт күн бойы өзара мықтыны анықтайтын болады.
Айта кету керек, Былғары қолғап шеберлері 25 сәуірге дейін өзара кездесулер өткізеді. Жеңімпаз атанғандар, Халықаралық кезеңге жолдама алады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


