«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ «ҚАЗАҚМЫС» КОРПОРАЦИЯСЫ ЖШС ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛЫТАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

Ұлытау облысына жұмыс сапарымен «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев келді. Облыстық филиалдың ғимаратында «AMANAT» партиясының «Қазақмыс»корпорациясы ЖШС жанындағы Ұлытау облыстық филиалының кезектен тыс III конференциясы өтіп, күн тәртібіне 3 мәселе шығарылды.
Жиынды партияның облыстық филиал төрағасы Бауыржан Шыңғысов ашып, жүргізді. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалды, партия өкілдері және 169 делегат қатысты. Күн тәртібінде 2025 жылғы жұмыс қорытындысы, ұйымдық іс шаралар және кадрлық өзгерістер мәселелері қаралды.
Жиында азаматтардан түскен өтініштерге де ерекше назар аударылды. Жыл басынан бері өңірде 186 өтініш тіркеліп, оның 45 пайызы оң шешімін тапқан. Конференцияда сөз алған Ержан Жылқыбаев азаматтар өтініштерімен жұмысты күшейту, халықпен тікелей байланысты арттыру және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды нығайту қажеттігін атап өтті.
Шара барысында «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы облыстық филиалдың жаңа төрағасы сайланды.Бұл қызметке Нұрмұхамбет Әбдібеков сайланды. Ол бұған дейін мемлекеттік қызметте түрлі басшылық лауазымдарда болып, вице-министр, әкім және есеп комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.Сонымен қатар конференция барысында филиалдың саяси кеңесінің құрамына да өзгерістер енгізілді. Жиын соңында қатысушылар өңірдегі партиялық жұмысты одан әрі күшейтуге және халықпен кері байланысты арттыруға дайын екендіктерін білдірді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


