Жаңалықтар

«АНАНЫҢ РӨЛІ САЛАУАТТЫЛЫҚ ПЕН ҰРПАҚ ҚАМЫ»

«АНАНЫҢ РӨЛІ САЛАУАТТЫЛЫҚ ПЕН ҰРПАҚ ҚАМЫ»

Облыс орталығында отбасы институтын нығайту, ананың қоғамдағы рөлін арттыру және өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған республикалық аналар форумы өтті. «Ананың рөлі: сауаттылық пен ұрпақ қамы» тақырыбындағы басқосудың мақсаты - еліміздегі аналар кеңестерінің тәжірибесін біріктіріп, отбасы құндылықтарын дәріптеу, жастардың репродуктивтік денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелердің алдын алу жолдарын қарастыру.

Форумға еліміздің әр өңірінен аналар кеңестерінің өкілдері, ұлттық комиссия мүшелері, дәрігерлер, психологтар, білім беру саласының мамандары мен халықаралық сарапшылар қатысты. Жиынды Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи жүргізді. Басқосуда отбасы институтын нығайту, ана тәрбиесінің маңызы, жасөспірімдердің жыныстық және репродуктивтік денсаулығы, әйелдердің қоғамдағы жауапкершілігі мен ұлт тәрбиесіндегі рөлі жан-жақты талқыланды. Форумды ашқан Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев ананың отбасы ғана емес, тұтас қоғамның бірлігі мен берекесінің негізі екенін атап өтті.

Форумда қатысушылар өңірлердегі үздік тәжірибелермен бөлісіп, жастар арасында құқықбұзушылықтың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және өзге де әлеуметтік мәселелердің алдын алуда аналар кеңесінің рөлін күшейтуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ сала мамандары жыныстық сауаттылық, психологиялық қолдау және ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі жөнінде арнайы баяндамалар мен тренингтер өткізді.

Айта кетейік, Ұлытау облыстық аналар кеңесі 2023 жылы құрылған. Бүгінде оның құрамында 248 белсенді ана еңбек етеді. Кеңес мүшелері отбасы құндылықтарын насихаттау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және жастар тәрбиесіне бағытталған жобаларды өңірдің барлық қала-аудандарында жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты