АПАТТЫ ҮЙЛЕРДІ СҮРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Өңірде тұрғын үй қорын жаңғыртуға бағытталған реновация бағдарламасы қарқын алды. Жезқазған қаласында апатты деп танылған ескі тұрғын үйлерді сүріп, олардың орнына заманауи көпқабатты баспаналар салу жұмыстары басталды. Алғашқы кезеңде Абай көшесіндегі екі қабатты төрт үй бұзылмақ. Жоба отандық инвесторлардың қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Өткен ғасырдың 60-жылдары салынған екі қабатты ағаш үйлер бүгінде әбден тозып, тұрғындар үшін қауіпті нысанға айналған. Бүгінде ғимараттар аумағы қоршалып, жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Аллымен мамандар Абай көшесі 57 ші үйді бұзуға кірісті. Бұл шаңырақта 60 жылдан астам уақыт тұрған тұрғындар үшін туған үймен қоштасу оңай емес. Дегенмен, олар көптен күткен жаңа пәтерге қол жеткізетін күннің жақындағанына қуанышты екендіктерін айтуда.
Ескі үйлердің орнына жайлы әрі заманауи талаптарға сай тұрғын үйлер салынады. Әр көпқабатты үйде 30 пәтер қарастырылған. Бұдан бөлек, жоба аясында аулаларды абаттандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Балалар ойын алаңдары, автотұрақтар мен жасыл аймақтар тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне мүмкіндік бермек.
Бұл бастама қала келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға да серпін бермек. Айта кетейік, жоба аясында Жезқазғандағы Байқоңыров көшесінде орналасқан апатты және ескі 11 үйді бұзу жоспарланған.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


