АППАРАТ ЖИЫНЫ

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті.Күн тәртібіне 2 мәселе шығарылды.
Алғашқы мәселе - туризм саласының дамуы. Басқарма басшысының мәліметінше, соңғы екі жылда салаға тартылған инвестиция көлемі екі есеге артқан. Биылғы жылдың алғашқы бес айында туризмге 1,6 миллиард теңге инвестиция құйылса, қаңтар-наурыз айларында өңірге 6 мың 538 турист келіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға өскен. Сондай-ақ туристерге көрсетілген қызмет көлемі 14 пайызға артқан. Ал биыл өңірдің туристік әлеуетін ілгерілетуге 100 миллион теңге бөлінген.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе - жұмыс күшінің мобильдігін арттыру мақсатындағы ерікті қоныс аудару бағдарламасының орындалуы. Биыл Ұлытау облысына 125 адамды көшіру жоспарланған. Жылдың алғашқы жартыжылдығында 25 отбасы немесе 116 адам қоныс аударып, жылдық жоспардың 93 пайызы орындалған. Қоныс аударушылардың басым бөлігі Түркістан және Қызылорда облыстарынан келген. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, спорт және өзге де салалардың мамандары бар.
Жиын соңында облыс әкімі жауапты басқармаларға туризмді дамыту мен қоныс аудару бағдарламасының тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып, жоспарланған міндеттердің сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


