Жаңалықтар

АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

Жезқазғанда облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебі ашық есік күнін өткізді. Шара барысында жас спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп, ата-аналар мен қонақтар мектептегі спорттық бағыттармен және жаттығу мүмкіндіктерімен танысты.

Бүгінде спорт мектебінде 47 жаттықтырушы еңбек етеді. Мұнда балалар спорттың он түрі бойынша жаттығады. Атап айтқанда, үстел теннисі, баскетбол, еркін және грек-рим күресі, волейбол, бокс, дзюдо, таеквондо, ушу-саньда және көркем гимнастика бағыттары қамтылған. Ашық есік күнінде аталған спорт түрлерінен арнайы көрсетілімдер ұйымдастырылып, ата-аналар жаттығу залдарын аралап, мамандардан секцияларға қабылдау тәртібі жөнінде ақпарат алды.

Мектеп шәкірттері спорттағы шеберлігін шыңдап, түрлі деңгейдегі додаларда нәтиже көрсетіп жүр. Бүгінде мұнда спорт шебері атағын иеленген екі спортшы бар. Ал 230 шәкірт спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындаған. Жас спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда Ұлытау облысының намысын абыроймен қорғап келеді.

Айта кетейік, спорт мектебіне қабылдау жыл бойы жүргізіледі. Мұнда спортқа қызығушылығы бар әр бала өзіне ұнайтын бағытты таңдап, жаттығуға мүмкіндік алады.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты