Жаңалықтар

АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

Жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күніне орай Жезқазған қаласы әкімдігінің Отбасы институтын қолдау орталығында Ашық есік күні өтті.

Шараның мақсаты – қоғам назарын отбасылық құндылықтарды нығайтуға аудару, отбасындағы қолайлы психологиялық ахуалды сақтау, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу. Сондай-ақ тұрғындарға түрлі өмірлік мәселелер бойынша кешенді көмек көрсету көзделді.

«Орталықтың басты мақсаты — әр адамды тыңдап, өз мәселесінің шешімін табуға көмектесу, қолдау көрсету және өз күшіне сенуіне ықпал ету. Біз отбасылармен, ата-аналармен және жастармен жұмыс істейміз. Отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға, балалардың құқықтарын қорғауға және отбасының басты құндылықтары — махаббатты, сыйластықты, сенімді және өзара түсіністікті сақтауға көмектесеміз»

— Татьяна Лозовая, Жезқазған қаласы әкімдігінің Отбасы институтын қолдау орталығы бөлімінің меңгерушісі

Отбасы күні – қоғамның берік негізі саналатын шаңырақтың қадірін айшықтайтын маңызды күн. Өйткені бала тәрбиесі мен тұлғаның қалыптасуы ең алдымен отбасынан басталады. Ал түрлі қиындыққа тап болған жандарға жол көрсетіп, қажетті көмек ұсыну – Отбасы институтын қолдау орталығының негізгі бағыттарының бірі.

«Біздің қалада отбасын қолдау орталығының бар екеніне өте қуаныштымын. Менің ойымша, бұл орталық туралы көп адам біле бермеуі мүмкін. Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты жағдайлар жиілеп кетті. Осындай орталықтар қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетеді. Сондықтан бұл орталықтың біздің қалада жұмыс істеп жатқанына өте қуаныштымын»

— Гаухар Рахметова, қала тұрғыны

Ашық есік күні қала тұрғындары Орталық мамандарынан кеңес алып, қажетті қызметтерге жүгіне алды. Бүгінде Отбасы институтын қолдау орталығына 160-тан астам азамат келген. Оларға түрлі бағыт бойынша көмек көрсетілді. Атап айтқанда, мамандар 81 психологиялық кеңес беріп, 18 азаматқа заңгерлік, 44 адамға әлеуметтік көмек ұсынған.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты