Жаңалықтар

«АШЫҚ ЖЕЗҚАЗҒАН» ЖОБАСЫ БАСТАУЫН АЛДЫ

«АШЫҚ ЖЕЗҚАЗҒАН» ЖОБАСЫ БАСТАУЫН АЛДЫ

Жезқазғанда қала әкімінің тұрғындармен жаңа форматтағы кездесуі басталды. OpenJEZ – «Ашық Жезқазған» жобасы аясындағы алғашқы жиын №133 мектепте өтіп, оған теміржол маңындағы шағын аудан тұрғындары қатысты.

Алғашқы кездесуде алдымен тұрғындардың алдын ала жолдаған сауалдары қаралды. Сұрақтар мектеп фойесіне орналастырылған QR-код арқылы қабылданған.

Бұдан кейін қала әкімі тұрғындармен ашық пікір алмасып, олардың сауалдарына тікелей жауап берді. Кездесуде дәріхана ашу, балаларға арналған спорт алаңдарын салу, көшелерді жарықтандыру сынды мәселелер көтерілді. Сондай-ақ тұрғындар вокзал аумағындағы көпірдің жағдайына алаңдайтындықтарын айтып, жаяу жүргіншілерге қауіпсіз жол мен қоршаулар орнатуды сұрады. Көлік қозғалысының қауіпсіздігі үшін жолға жасанды кедергі орнату жөнінде де ұсыныстар айтылды.

«90-жылдардағы қайта құру кезеңінде кеткен бюрократиялық қателіктің салдарынан ұзындығы 183 метр жылу құбыры жылумен және сумен жабдықтау кәсіпорнының балансына алынбай қалған. Содан бері 35 жыл өткен. Осы уақыт ішінде екі көшенің тұрғындары, негізінен зейнеткерлер, құбырды өз күштерімен жөндеп, жылу жүйесін оқшаулап келді. Осы 183метр жылу құбырын жылумен және сумен жабдықтау кәсіпорнының балансына кіргізуіңізді сұраймыз»

— Андрей Попов, қала тұрғыны

Кездесу соңында Мұрат Бөрібаев тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдауға төрт тұрғын жазылған. Айта кетейік, OpenJEZ кездесулері алдағы уақытта қаланың өзге шағын аудандары мен жақын ауылдарда да жалғасады.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты