АУЫР ЖҮК КӨЛІКТЕРІ БАҚЫЛАУДА

Өңірде ауыр салмақты жүк көліктеріне бақылау күшейтілді. Осы мақсатта 10 шілде мен 10 тамыз аралығында «Назар аударыңыз, ауыр салмақты автокөлік құралы!» атты профилактикалық акция өтіп жатыр. Шара жолдардың сақталуын қамтамасыз етіп, жүк тасымалы саласындағы заң талаптарының орындалуын бақылауға бағытталған.
Мамандардың айтуынша, ауыр жүк көліктерінің белгіленген нормадан артық жүк тиеуі жол жабынының тез тозуына, жолдардың пайдалану мерзімінің қысқаруына және жол-көлік оқиғалары қаупінің артуына әсер етеді. Сондықтан инспекция өкілдері тасымалдаушыларды жүк тасымалы кезінде қолданыстағы талаптарды сақтауға шақырады.
Бүгінде Ұлытау облысындағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1 мың 206 шақырым. Оның 741,65 шақырымы республикалық маңыздағы жол болса, 896 шақырымы облыстық жолдар. Жыл басынан бері автомобиль көлігі саласында 246 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті хаттамалар рәсімделді. Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 19 миллион 395 мың 660 теңге айыппұл салынды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда хаттамалар саны артқанымен, салынған айыппұл көлемі шамалас.
Сонымен қатар жолаушылар тасымалына да тұрақты бақылау жүргізілуде. Осы бағытта 50 қоғамдық көлік тексеріліп, 14 рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған. Нәтижесінде 27 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, жалпы сомасы 497 мың 375 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


