Жаңалықтар

«АЯЛЫ АЛАҚАН» ОРТАЛЫҒЫНА – 15 ЖЫЛ

«АЯЛЫ АЛАҚАН» ОРТАЛЫҒЫНА – 15 ЖЫЛ

Жезқазғанда - ерекше күтімді қажет ететін балалардың дамуына жол ашып, олардың отбасыларына қолдау көрсетіп келе жатқан «Аялы алақан» орталығына биыл - 15 жыл толды. Аталған орталық осы жылдар ішінде балалардың күнделікті өміріне қажетті дағдыларды қалыптастырып, қоғамға бейімделуіне елеулі үлес қосып келеді.

2011 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан «Аялы алақан» орталығы «Талап» қоғамдық қайырымдылық қорының жанынан құрылған. Мекеменің негізгі мақсаты - балаларға психологиялық және медициналық көмек көрсетіп, қарым-қатынас дағдыларын дамытуға жағдай жасау. Мерейлі белеске орай өткен іс-шараға қала әкімі аппаратының басшысы Рүстем Есмағанбетов қатысып, ұжымға қала әкімінің құттықтау хаты мен естелік сыйлығын табыстады.

Қазір орталықта 2 мен 18 жас аралығындағы 25 бала тәрбиеленіп жатыр. Тәрбиеленушілер күн сайын таңғы сағат 7-ден кешкі 5-ке дейін мамандардың бақылауында болып, қажетті күтім мен қолдау алады. Балалардың ортаға бейімделуі мен бос уақытын тиімді өткізуіне де баса мән берілген. Олар аптасына бір рет ойын-сауық орталықтарына, «Шабыт» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығына және психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне барады. Балаларына жасалған жағдайға риза ата-аналар орталық ұжымына алғыстарын білдірді.

Он бес жыл ішінде «Аялы алақан» орталығы балалардың дамуына жол ашып, олардың отбасыларына сенімді тірек бола білді. Алдағы уақытта мекеме жұмысын жетілдіріп, инклюзивті білім беру бағдарламасын әзірлеу көзделіп отыр.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты