БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

Өңірде балалардың терезеден құлау деректерінің алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз терезе» акциясы жалғасуда. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне арнайы терезе бұғаттағыштарын орнатып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде.
Акция барысында құтқарушылар көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, балалардың өміріне қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, халық көп шоғырланатын ойын-сауық орталықтары мен тұрғын үй аулаларында жадынамалар таратылды. Мамандардың айтуынша, биыл Ұлытау облысында балалардың терезеден құлауының екі дерегі тіркелген. Өкінішке қарай, оның бірі қайғылы жағдаймен аяқталған. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырады.
Құтқарушылар балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-ананың жауапкершілігінде екенін айтады. Сондықтан әрбір отбасы үйдегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажет.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


