БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Жезқазғанда қала әкімдігі мен қалалық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен бала қауіпсіздігіне арналған кездесу өтті. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өткен жиында өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі кеңінен талқыланды.
Кездесуге арнайы шақырылған қонақ - белгілі журналист, «Aman bala» әлеуметтік жобасының авторы Гүлмира Алякпарова бала қауіпсіздігіне бағытталған бастамасын таныстырды. Жобаның негізгі мақсаты - ата-аналар, педагогтер және қоғам өкілдерінің бала қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттыру. Сонымен қатар, балаларға қауіпсіз өмір сүру дағдыларын ерте жастан қалыптастырудың маңызын түсіндіру.
Жиын барысында қоғамдағы бала қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, балалардың көшедегі қауіпсіздігі, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезіндегі сақтық шаралары, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден қорғану жолдары және балаларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу тетіктері де сөз болды.
Жиында жоба авторы ауылдық елді мекендерде балаға қатысты зорлық-зомбылық деңгейі жоғары екенін айтты. Сондықтан алдағы уақытта мұндай кездесулерді сол өңірлерде жиі ұйымдастыру жоспарлануда.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


