Жаңалықтар

БАЛАЛАР НЫСАНДАРЫНДАҒЫ САНИТАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

БАЛАЛАР НЫСАНДАРЫНДАҒЫ САНИТАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Балалар баратын нысандардағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесі жаңарды. Енді тек анықталған бұзушылыққа шара қолдану емес, қауіптің алдын алуға басымдық беріледі. Жаңа талап мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын балабақша, мектеп, медициналық ұйымдар мен балаларды сауықтыру нысандарына қолданылады.

Өзгерістер 2025 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңға сәйкес жүзеге асырылады. Жаңа тәртіптің басты ерекшелігі - санитариялық бақылау тәсілдерінің жаңаруы. Енді тексерулер алдын ала ескертусіз жүргізіледі. Ал нысанға бару арқылы мониторинг арнайы тапсырма негізінде ұйымдастырылады. Бұл ретте басты мақсат-балалардың тамақтану, білім алу, медициналық көмек пен сауықтыру қызметтерінің қауіпсіздігін жан-жақты бағалау.

Жоспарлы тексеру мен мониторингтің тағы бір ерекшелігі - бұл кезеңде айыппұл салынбайды. Негізгі талап - анықталған кемшіліктерді жою. Ал бала өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, нысан жұмысын уақытша тоқтату, қызметкерді жұмыстан шеттету немесе талапқа сай емес өнімді алып қою сияқты жедел шаралар қолданылады. Ұлытау облысында 2026 жылдың екінші жартыжылдығында ерекше бақылауға 318 нысан енгізілген.

Жаңа тәсілдің алғашқы нәтижелері де бар. Сәуір-маусым айларында балаларға медициналық қызмет көрсететін 127 денсаулық сақтау нысаны қамтылып, 76 нұсқама берілді, 5 жедел ден қою шарасы қолданылды. Ал маусымда жаңа оқу жылына дайындық бойынша 77 мектеп пен 5 мектеп-интернат, яғни 82 білім беру нысаны мониторингтен өтті. Нәтижесінде 71 нұсқама беріліп, 7 жедел шара қабылданды.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты