Жаңалықтар

БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ   БАСТЫ НАЗАРДА

Жаңа оқу жылы қарсаңында Жезқазған қаласының полициясы мектептер мен балабақшалар маңындағы жол қауіпсіздігін күшейтуде. Білім беру ұйымдарына жақын аумақтар тексеріліп, жол белгілері мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің жағдайы бақылауға алынды.

Полицейлер жол-техникалық инспекция мамандарымен бірлесіп, мектептер мен балабақшалар маңындағы жол белгілері, таңбалар және жаяу жүргіншілер өткелдерінің жай-күйін тексерді. Қауіпті учаскелерде жүргізушілерге ескертуге арналған қосымша құралдар да орнатылған. Соның бірі - бала бейнесіндегі макеттер. Олар көлік тізгіндегендерге оқушылар көп жүретін аумақта жылдамдықты төмендетіп, сақ болуды ескертеді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде білім беру ұйымдары маңына 82 бала макеті мен «Абайлаңыз, балалар!» деген 42 белгі қойылды. Сонымен бірге жаяу жүргіншілер өткелін көрсететін 80 жол белгісі жаңартылды. Полиция өкілдері жүргізушілердің жауапкершілігімен қатар, жолдағы қауіпсіздікке ата-аналар мен балалардың да мұқият болғаны маңызды екенін атап өтті.

Оқу жылының басталуына орай қалада «Абайлаңыз, балалар!» профилактикалық іс-шарасы да жалғасуда. Полиция қызметкерлері балалардың түнгі уақытта көшеде жүруіне және кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуына бақылау жүргізуде. Қауіпсіздік шаралары оқу жылы басталған соң да жалғасын таппақ.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты