БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІК ДАҒДЫЛАРЫН МЕҢГЕРДІ

Облыс орталығындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында оқушыларға арналған тренинг өтті. Іс-шара барысында қатысушыларға "Аман бала" жобасының негізгі ережелері таныстырылып, қауіп төнген жағдайда қалай әрекет ету керек жолдары көрсетілді.
Балалардың қауіпсіздік туралы түсінігін қалыптастыруға бағытталған тренинг бірнеше бөлімнен тұрды. Онда оқушыларға қауіптің алдын алу, күмәнді жағдайларды ерте байқау және шұғыл сәтте дұрыс шешім қабылдау жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ, сабақ барысында қатысушылар теориялық ақпаратпен қатар тәжірибелік тапсырмалар арқылы да білімдерін толықтырды.
Бір сағатқа созылған іс-шарада оқушыларға бейтаныс адамдармен арақашықтық сақтау, артық әңгімеге жол бермеу, күмәнді әрекеттерге дер кезінде мән беру және қажет болған жағдайда бірден көмекке жүгіну тәсілдері де айтылды. Сонымен қатар, балаларға жеке шекараны қорғау, өзіне назар аударту және қауіпті жағдайдан тез шығып кету жолдары іс жүзінде көрсетілді.
Аталған шара ашық диалог форматында өтті. Бұл оқушылардың еркін қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауап алуына мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тренингтер балалардың өзін-өзі қорғау дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, олардың сақтық деңгейін арттыруға да ықпал етеді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


