«БАСТАУ» ОЛИМПИАДАСЫНДА ҰЛЫТАУЛЫҚ ОҚУШЫЛАР ҮЗДІК АТАНДЫ

Алматы қаласында ХІХ шы “Бастау” олимпиадасының республикалық кезеңі өтті. Бес күнге созылған білім додасына Ұлытау облысынан екі команда қатысты. Нәтижесінде Zerdeli-Жезу мектебінің оқушылары жүлделі орындарды иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Олимпиада «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Оның басты мақсаты - бастауыш сынып оқушылары арасынан математикаға бейімі жоғары дарынды балаларды анықтап, оларды қолдау және қабілеттерін одан әрі дамыту. Зияткерлік додаға еліміздің барлық өңірлерінен, сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан келген оқушылар қатысты. Сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептері, Республикалық физика-математика мектебі, жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығы және Бөбек Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығынан жалпы 147 оқушы білім бәсекесіне түскен.
Республикалық олимпиада үш кезеңнен тұрды. «Әу, баста!» және «Көкпар» кезеңдерінде қатысушылар командалық есептерді шешсе, «Математикалық бәйге» кезеңінде жеке, ауызша тапсырмалар арқылы білімдерін сынға салды. Ұлытау облысының оқушылары зияткерлік додада өңір намысын лайықты қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бірқатар жас математик жүлделі орындарға ие болып, үздіктер қатарынан көрінді. Командалық есепте де облыс құрамасы ерекше табандылық танытып, 49 команда арасынан ІІ орынды жеңіп алды.
Ата-аналар да оқушылардың жетістіктеріне ерекше қуанып, мұндай жеңістің артында қажырлы еңбек пен тәлімгерлердің қолдауы тұрғанын атап өтті.
Ұлытау облысы оқушыларының «Бастау» олимпиадасындағы жеңістері өңірдегі білім саласы үшін елеулі оқиға болып, жас таланттардың қабілетін тағы бір мәрте танытты.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


