БАТЫРЛАН САРИНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР

«Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде самбодан Қазақстан Республикасының спорт шебері Батырлан Сариновты еске алуға арналған дзюдо күресінен республикалық турнир өтті.
Самбо мен қазақ күресінен жоғары нәтижелерге қол жеткізген Батырлан Сариновтың есімі өңір спортының тарихында ерекше орын алады. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жарыс оның жарқын бейнесін ұлықтап, жас спортшыларды қолдау мақсатын көздейді. Турнирдің ашылуына Батырлан Сариновтың туған-туыстары, жақындары мен спорттағы әріптестері қатысты.
Биылғы жарысқа еліміздің сегіз облысынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 200-ден астам спортшы жиналды. Үш күн бойы татамиде қыздар мен ұлдар бірнеше салмақ дәрежесінде бақ сынап, үздіктерді анықтады. Тартысты белдесулер барысында қатысушылар өздерінің шеберлігі мен жеңіске деген жігерін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Жезқазған қаласы әкімдігінің арнайы сыйлықтарымен, қаржылай сыйақылармен, медальдар және грамоталармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар болашақта халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын талантты спортшыларды тәрбиелеуге жол ашады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


