Жаңалықтар

БЕЙНЕКАМЕРАЛАР ТАЗАЛЫҚТЫ БАҚЫЛАЙДЫ

БЕЙНЕКАМЕРАЛАР ТАЗАЛЫҚТЫ БАҚЫЛАЙДЫ

Өңірде тазалықты бақылау жұмысына цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп жатыр. Облыстық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығындағы интеллектуалды бейнебақылау камералары санитарлық талаптардың бұзылуын нақты уақыт режимінде анықтайды. Бұл жүйе республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірдегі тазалықты сақтауға және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Бүгінде өңірде 3748 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 202-сі жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған. Алпыс камера тазалық талаптарының сақталуын бақылайды. Тағы алпысы қоқыстың рұқсат етілмеген жерге төгілуі мен түтін шығу деректерін тіркейді. Егер тұрғын қоқысты белгіленбеген жерге тастаса немесе абаттандыру қағидаларын бұзса, жүйе оны автоматты түрде анықтайды. Ақпарат сол сәтте Жедел басқару орталығына түсіп, оқиға орнына ең жақын полиция жасағы жіберіледі.

Жыл басынан бері бейнекамералардың көмегімен облыста абаттандыру қағидаларын бұзудың екі мыңға жуық дерегі анықталды. Сондай-ақ көшелерді, саябақтарды, аулалар мен өзге де қоғамдық орындарды ластаудың жүзден астам фактісі тіркелген. Барлық құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция өкілдерінің айтуынша, түсіндіру жұмыстары мен профилактикалық рейдтер тұрақты жүргізіледі. Ал заманауи цифрлық жүйелер «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірдегі тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің сенімді тетігіне айналып келеді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты