БІЛІМ ИННОВАЦИЯ ЛИЦЕЙІНДЕ НАУРЫЗ ТОЙЛАНДЫ

Жезқазған қаласындағы №3 «Білім-инновация» лицейінде Наурыз мейрамы қалыптасқан дәстүрге сай сәуір айында ерекше сән-салтанатпен атап өтілді. «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік шара жайында арнамыздың тілшісі Айдана Базарбайқызы баяндайды.
0597 Сәуір айындағы - Наурыз тойы! Иә, Білім-инновация лицейінің ұжымы бұл мейрамды Жезқазғанда - жер аяғы кеңіп, елдің аузы аққа, малдың аузы көкке тиген мамыражай кезеңде тойлайды.
Лицей ауласы бұл күні нағыз этноауылға айналды. Ақшаңқаң киіз үйлер тігіліп, сахна төрінде әуелеген ән мен мың бұралған би мерекенің сәнін келтірді.Театрландырылған қойылымдар арқылы қазақ халқының бай тарихы мен мәдени мұрасы кеңінен насихатталды. Әсіресе, Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов, Абылай хан сынды ұлы тұлғаларға арналған көріністер көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Мереке аясында киіз үйлерді безендіру байқауы ұйымдастырылды. Қазылар алқасы киіз үйдің сыртқы және ішкі безендірілуіне, ұлттық киім үлгілерінің үйлесімділігіне, би өнерінің орындалу деңгейіне және сахналық қойылымдардың мазмұнына ерекше мән берді. Шараға ата-аналар мен оқушылар жоғары дайындықпен келіп,салт-дәстүрді жаңғыртудың тағылымды үлгісін көрсетті.
Сонымен қатар, мерекеге лицей түлектері де арнайы шақырылған. «JezGrads» қоғамдық қоры бірнеше жылдан бері білім ордасына демеушілік көрсетіп келеді. Соңғы 7-8 жыл ішінде қор тарапынан шамамен 150 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, білім сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асқан.
Мерекелік бағдарлама көкпар, арқан тарту, асық ату секілді ұлттық және спорттық ойындармен жалғасты. Шара соңында үздік деп танылған сыныптар марапатталып, қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


