Жаңалықтар

«БІР ЖҮРЕКПЕН – БІР ОТАНҒА» ПАТРИОТТЫҚ ӘН БАЙҚАУЫ

«БІР ЖҮРЕКПЕН – БІР ОТАНҒА» ПАТРИОТТЫҚ ӘН БАЙҚАУЫ

Жезқазған қаласындағы №8 гимназияда Республика күніне орай «Бір жүрекпен – бір Отанға» атты патриоттық ән байқауы өтті. «Шабыт» жобасы аясында, «Адал азамат» қағидаты негізінде ұйымдастырылған өнер додасына оқушы, ұстаз, ата-ана үштігі белсене қатысып, туған елге деген сүйіспеншіліктерін ән арқылы жеткізді.

Байқаудың басты ерекшелігі – бір сахнада үш буын өкілінің бас қосуы. Қатысушылар вокалдық шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, Отанға деген ыстық ықыластарын өнер арқылы өрнектеді. Ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген шара отансүйгіштік қасиеттің отбасынан басталып, мектеп қабырғасында қалыптасатынын тағы бір мәрте айшықтады.

Өнер додасының қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткендерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Байқау өнерпаздарға өз қабілеттерін танытып қана қоймай, шығармашылық қырларын шындауға да мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шығармашылық шаралар жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік құндылықтарды сіңіріп, ұлттық рухты нығайтуға ықпал етеді. Білімнің бәйтерегіне баланатын №8 гимназиядағы тағылымды шаралар легі әрі қарай да жалғаса бермек.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты