БОКСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Жезқазғанда 2013–2014 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан облыстық турнир басталды. Спорттық додаға өңірдің әр түкпірінен келген жас былғары қолғап шеберлері қатысуда Биылғы турнирге облыстың әр өңірінен 100-ге жуық жас боксшы жиналды. Олар 15 салмақ дәрежесінде сынға түсіп, үздіктер қатарынан көрінуге талпынуда. Жарыстың басты мақсаты жас спортшылардың шеберлігін шыңдау, тәжірибесін арттыру және болашағынан үміт күттіретін таланттарды анықтау.
Жас спортшылардың жарысқа тыңғылықты дайындалуына бапкерлері ерекше көңіл бөлген. Олар күнделікті жаттығу барысында шәкірттерінің соққы жасау әдістерін жетілдіріп, төзімділігі мен жылдамдығын арттыруға күш салады.
Төрт күнге жоспарланған жарыста жас боксшылар тартысты жекпе-жектер өткізуде. Мамандардың айтуынша, мұндай додалар жасөспірімдердің тек физикалық дайындығын жетілдіріп қана қоймай, олардың бойында табандылық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырады.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, олар Қазақстанның Солтүстік-Шығыс аймағы бойынша өтетін аймақтық бокс турниріне жолдама алады. Келесі кезең Сәтбаев қаласында ұйымдастырылады. Онда Ұлытау облысының үздік жас боксшылары өңір намысын қорғап, жүлделі орындар үшін бақ сынайды.
Еркеназ Қордабай, Алихан Мухтар, Ұлытау тв
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


