БҮГІН ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ГЕПАТИТКЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮНІ

Жыл сайын 28 шілде Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні атап өтіледі. Бұл күн - үнсіз өршитін дерттің алдын алуға қоғам назарын аударуға арналған. Мамандардың айтуынша, гепатит көп жағдайда белгісіз өтетіндіктен, көптеген адам ауруын кеш анықтайды. Сол себепті дәрігерлер уақытылы тексеруден өтіп, екпе алудың маңызын еске салады.
Гепатит - бауырдың қабынуымен сипатталатын ауру. Ол вирустардан бөлек, улы заттардың әсерінен, кейбір дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қабылдаудан немесе алкогольді шамадан тыс тұтынудан да туындауы мүмкін. Ең жиі кездесетін түрлері - А, В, С, D және Е вирустық гепатиттері. Олардың әрқайсысының жұғу жолы мен ағзаға әсері әртүрлі. Ауру бастапқы кезеңде көбіне белгі бермейтіндіктен, дәрігерлер тұрақты медициналық тексеруден өтудің маңызын ерекше атап өтеді.
Қазіргі таңда вирустық гепатиттің көптеген түрі тиімді емделеді. Ал ауру ерте анықталса, кейбір түрінен толық айығуға мүмкіндік бар. Мамандардың айтуынша, денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолы - уақытылы тексеріліп, дәрігер кеңесіне жүгіну. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау және жүйелі медициналық бақылаудан өту аурудың алдын алып, оның ауыр зардаптарына жол бермеуге көмектеседі.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


