Жаңалықтар

БҮГІН – ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ

БҮГІН – ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ

Бүгін - жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Адам өміріне араша түсіп, әр секундты тиімді пайдаланатын бұл мамандардың еңбегі әрдайым жоғары құрметке лайық. Осы атаулы күн қарсаңында тілшіміз Айдана Базарбайқызы Сәтбаев қаласындағы жедел жәрдем станциясының жұмыс барысымен танысып қайтты.

Жедел жәрдем қызметі - күн сайын түрлі күрделі жағдайларға тап болатын аса жауапты сала. Мұндағы мамандардың жедел әрекеті мен кәсіби біліктілігі көрсетілетін медициналық көмектің сапасына ғана емес, адам өмірін сақтап қалуға да тікелей әсер етеді. Осындай маңызды міндетті атқарып жүрген білікті мамандардың бірі - Ернар Жайлыбаев. Ол 2016 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Уақыт өте келе мол тәжірибе жинақтап, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын тәжірибелі фельдшерге айналған.

Жедел жәрдем қызметінің көрінбейтін қаһармандарының бірі - диспетчерлер. Дәл осы мамандар алғашқы қоңырауды қабылдап, жағдайды бағалап, кезекші топты бағыттайды. Шақыртудың қаншалықты жедел орындалуы - олардың шапшаңдығы мен кәсібилігіне байланысты. Солардың қатарында 40 жылдан астам тәжірибесі бар Аягөз Елеусізова бар. Бүгінде Сәтбаев қалалық жедел жәрдем станциясына тәулігіне 200-ге жуық шақырту түседі.

Ұлытау облысында жедел медициналық жәрдем саласында жалпы 305 маман еңбек етеді. Олардың қатарында 7 дәрігер, 175 фельдшер және 75 жүргізуші бар. Сондай-ақ, өңір бойынша 27 санитарлық автокөлік тәулік бойы кезекшілікте тұрып, кез келген шақыртуға шығуға дайын.Жоғары жүктемеге қарамастан, сала мамандары өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып келеді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты