Жаңалықтар

«ДАМУ» КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҚОРЫНЫҢ ЖОБАЛАРЫ

«ДАМУ» КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҚОРЫНЫҢ ЖОБАЛАРЫ

Облыс орталығында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастыруымен баспасөз туры өтті. Қор қызметкерлері өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мемлекеттік қолдау алған кәсіпорындардың жұмысын таныстырып, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігін көрсетті.

Ұлытау облысында 2022 жылдан бері «Даму» қорының қолдау құралдары арқылы 2 мыңнан астам кәсіпкерлік жоба қамтылған. Оларға көрсетілген қаржылай қолдаудың жалпы көлемі 77 миллиард теңгеден асады.

«Ұлытау облысында 2022 жылдан бері 2 мың 200 жобаға қолдау көрсетіліп, жалпы сомасы 77 миллиард теңгеден асты. Биыл «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 23 жобаға 2,3 миллиард теңге бөлінді. Ал кепілдік беру тетігі арқылы 36 жобаға 3,6 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілді»

— Арман Менжасаров, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ Ұлытау облысы филиалының директоры

Ең алдымен «Даму» қорының қолдауына ие болған Ютария тігін фабрикасының жұмысымен таныстық. Кәсіпорын 2002 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда арнайы жұмыс киімдерінен бастап күнделікті қолданысқа арналған өнімдерге дейін 200-ден астам тауар түрі өндіріледі. Бүгінде фабрикада 450 адам еңбек етеді.

«Біз «Даму» қорымен 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Қазір де бұл серіктестік жалғасып жатыр. Өйткені қордың қолдауы біз үшін маңызды, осы мүмкіндіктердің арқасында бірқатар жобаларымызды жүзеге асырып келеміз. Кәсіпорнымыз 2002 жылдан бастап шағын бизнестен орта бизнеске, кейін ірі бизнес деңгейіне өтті. Қазір «Даму» қорымен қолданыстағы несие желісі бойынша кепілдік беру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.Алдағы уақытта да ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан «Даму» қорымен серіктестігіміз әрі қарай жалғаса береді деп ойлаймын»

— Тұрсынай Ибадатова, «ЮТАРИЯ LTD» ЖШС директоры

Тігін өндірісінен кейін облыс орталығында жақында ашылған «THE Voyage» қонақ үйіне табан тіредік. Қонақ үй қалаға келетін туристерге, іскерлік серіктестер мен мамандарға қызмет көрсетуге бағытталған. Жобаны жүзеге асыру кезінде кәсіпкер «Даму» қорының субсидиялау және несиеге кепілдік беру тетіктерін пайдаланған.

«Бұл жоба «Даму» қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Бастапқыда бұл тек ойымызда жүрген идея болатын. Ұлытау облысы құрылғаннан кейін осы идеяны нақты іске асыру туралы шешім қабылдап, команда жинадық.Бірнеше күн бұрын Жезқазған қаласында жаңа қонақүйіміздің есігін аштық. Қонақүйде 40 нөмір бар: стандарт, жартылай люкс және люкс бөлмелері қарастырылған. Сонымен қатар мейрамхана да жұмыс істейді. «Даму» қоры бізге үлкен қолдау көрсетті. Қордың шағын және орта бизнеске арналған көптеген бағдарламасы бар. Алдағы уақытта да осындай қолдаудың арқасында жаңа жобаларды жүзеге асырамыз деп ойлаймын»

— Олег Ярмак, «The Voyage» қонақ үйінің басшысы

Баспасөз туры «Estem» стоматологиялық клиникасында жалғасты. Аталған клиника 2025 жылы «Өрлеу» бағдарламасы арқылы қолдау алып, қаржыны заманауи медициналық жабдықтар сатып алуға бағыттаған. Соның арқасында клиникадағы қызмет түрлері кеңейіп, пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік туған. Жоба аясында 20 жаңа жұмыс орны құрылып, бұл қаланың медициналық саласы мен халықты жұмыспен қамту деңгейінің дамуына ықпал етуде.

«2025 жылдың қазан айында «Даму» қорының субсидиялау бағдарламасы арқылы бизнес-жобамызды қорғап, қаржыландыруға қол жеткіздік. Соның арқасында Жезқазған қаласында осы стоматологиялық клиниканы аштық. Қазір штатымызда 20-ға жуық қызметкер бар, алдағы уақытта кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Клиникаға нарықтағы ең заманауи жабдықтарды сатып алдық. Жобамыздың негізгі мақсаты – Жезқазған тұрғындарына сапалы әрі білікті стоматологиялық көмек көрсету»

— Шыңғыс Ақантай, «ESTEM» клиникасының директоры

Үш түрлі саладағы кәсіпорынның жұмысы – өндірісті дамыту, жаңа нысан ашу және қызмет сапасын арттыру бағыттарындағы мүмкіндіктерді танытты. Қор өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау шаралары туралы ақпаратты кеңінен таратуға мүмкіндік береді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты